ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫНА ҚОРШАҒАН ОРТАНЫҢ ТЕХНОГЕНДІК ТРАНСФОРМАЦИЯСЫН ӘСЕРІ
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJE87220265Аңдатпа
Шығыс Қазақстан облысы Қазақстанның өнеркәсіптік жүктемесі жоғары өңірлерінің қатарына жатады, мұнда стационарлық көздерден бөлінетін ластаушы заттардың шығарындылары халық денсаулығына әсер ететін маңызды экологиялық қауіп факторы болып қала береді. Өнеркәсіптік шығарындылар құрылымы мен аурушаңдық деңгейі арасындағы өзара байланысты бағалау профилактикалық шаралар мен экологиялық басқарудың басым бағыттарын айқындауға мүмкіндік береді.
Зерттеу 2020–2024 жылдар аралығында Шығыс Қазақстан облысындағы өнеркәсіптік жүктемесі жоғары 5 елді мекен бойынша стационарлық көздерден атмосфераға шығарылатын ластаушы заттар жөніндегі ресми деректерге (жалпы көлемі, қатты және газ тәрізді/сұйық компоненттері), сондай-ақ халықтың аурушаңдық көрсеткіштеріне (жаңа түзілімдер және қанайналым жүйесі аурулары) негізделіп жүргізілді. Өзара байланыстарды бағалау үшін Спирменнің рангілік корреляция коэффициенті (rₛ) қолданылды, статистикалық маңыздылық p<0,05 деңгейінде бағаланды. Нәтижелерді визуализациялау шашырау диаграммалары арқылы жүзеге асырылды.
Жаңа түзілімдермен сырқаттанушылық пен шығарындылардың жалпы көлемі (rₛ=0,633; p<0,001), сондай-ақ газ тәрізді/сұйық компоненттер (rₛ=0,552; p<0,01) арасында статистикалық тұрғыдан мәнді оң байланыстар анықталды. Жаңа түзілімдердің қатты шығарындылармен байланысы әлсіз және статистикалық тұрғыдан мәнді емес болды (rₛ=0,343; p>0,05). Қанайналым жүйесі аурулары үшін мәнді байланыс тек қатты шығарындылармен анықталды (rₛ = -0,405; p<0,05), ал шығарындылардың жалпы көлемімен (rₛ = -0,235; p>0,05) және газ тәрізді/сұйық компоненттерімен (rₛ = -0,285; p>0,05) статистикалық тұрғыдан мәнді ассоциациялар байқалмады. Шығарындылар фракциялары арасында жоғары деңгейдегі өзара байланыс (rₛ = 0,665–0,928; p<0,001) тіркелді, бұл өнеркәсіптік шығарындылар құрылымының ортақтығын көрсетеді.
Алынған деректер 2020–2024 жылдар аралығында Шығыс Қазақстан облысының өнеркәсіптік жүктемесі жоғары елді мекендерінде стационарлық көздерден шығатын ластаушы заттар мен жаңа түзілімдермен сырқаттанушылық арасында статистикалық тұрғыдан мәнді өзара байланыстың бар екенін растайды.
Түйінді сөздер: техногендік трансформация, атмосфералық ауаның ластануы, антропогендік жүктеме, денсаулыққа қауіп, Шығыс Қазақстан.








