ҚАЗАҚСТАН ТЕРРИТОРИЯСЫНДА ӨСЕТІН AEGILOPS L. ТУЫСЫ ТҮРЛЕРІНІҢ КОНСПЕКТІСІ
DOI:
10.26577/EJE872202610Аңдатпа
Мақалада Роасеае Barnh. тұқымдасына жататын Aegilops L. туысы түрлерінің Қазақстан территориясында таралуы қарастырылады. Аталған туыстың Қазақстан флорасында бес түрі кездеседі: Ae. cylindrica Host., Ae.crassa Boiss., Ae. tauschii Coss., Ae. triuncialis L., Ae. juvenalis (Thell.) Eig. Еліміздің оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарында өседі.
Олардың Қазақстан территориясында таралу ареалын анықтау мақсатында Ботаника және фитоинтродукция (АА) институтының, М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің «Ноев ковчег» тірі жүйелер электронды (цифрлық) (МW) гербарий фондтарындағы гербарий үлгілері мен Өсімдіктер биологиясы және биотехнологиясы институтының (ӨББИ) ғылыми экспедициялар барысында жиналған гербарийлық материалдарына талдау жүргізіліп, Aegilops туысы түрлерінің конспектісі жасалынды.
Нәтижесінде қаралған 165 гербарий парағының көп бөлігі Ae. cylindrica, Ae. triuncialis және Ae. tauschii түрлеріне тиесілі екені анықталды. «Флора Казахстана» бірінші томында келтірілген Қазақстанның флористикалық аудандастыруы бойынша түрлердің көп шоғырланған аймақтары Батыс Тянь-Шань, Қаратау, Жоңғар Алатауы болып табылды. Aegilops туысының бес түрінің барлығы дерлік Батыс Тянь-Шань флористикалық аудандарында таралған болса, ал Ae. cylindrica түрі барлық қарастырылған флористикалық аудандарда кездесті. Гербарий материалдарымен бірге әдеби дереккөздерді сараптау арқылы Қазақстан аумағында таралған бес түрдің ішінде Ae. juvenalis түрінің таралу ареалының шектеулі екені байқалды. Бұл жағдай түрдің қазіргі өсетін орындарын нақтылау қажеттілігін тудырады.
Зерттеу нәтижелері Қазақстан территориясында өсетін Aegilops туысының түрлерін түгендеуге, олардың таралу ареалдарын нақтылауға және далалық зерттеулерді жоспарлауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар осы туыс мәдени бидайдың жабайы ата-тегі болып саналатындықтан, алынған ақпараттар ботаникалық және молекулалық-генетикалық зерттеулер үшін маңызды негіз болады.
Түйін сөздер: Poaceae, Aegilops, гербарий, түрлердің таралуы, флористикалық аудандар








