Жайық өзені ортаңғы ағысы тұсында орналасқан Батыс Қазақстан облысының жайылма ормандары флорасының қысқаша талдауы
DOI:
10.26577/EJE.2019.v60.i3.09Аңдатпа
Жайылма ормандары облысымыздың аумағының 0,4% алып жатқанымен, көршілес аудандармен біздің облысымызда топырақ бекіту мен су қорғау жүйесінде маңызды роль атқарады,
сонымен қатар, шөлдену процесінде экологиялық барьер қызметін атқарады. Сондықтан да
Жайық өзені бассейнінің өсімдік жамылғысына мониторинг жүргізу маңызды процесс болып
табылады.
Жайық өзенінің жайылма ормандары сирек кездесетін және жойылып бара жатқан
өсімдіктер мен эндемиктердің қорғанатын жері болғандықтан, өзен жайылмасындағы өсімдік
жамылғысының таралу заңдылықтарын зерттеу жұмыстарын жүргізу және оған антропогендік
фактордың әсерімен қатар, тиімді пайдалану шараларын даярлау маңызды болып табылады.
Бұл мақалада Жайық өзені аңғарының ортаңғы ағысында орналасқан Батыс Қазақстан
облысы, Ақжайық ауданы маңы жайылма ормандары флоралық құрамының талдауы берілген.
Жұмыстың басты мақсаты жайылма ормандарының флоралық құрамын зерттеу, талдау жүргізу
және шаруашылық маңызы бойынша топтастыру. Зерттеу мәліметтері 1994-2018 жылдар
аралығындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелеріне сүйене отырып жасалған. Зерттеу
объектісі ретінде шөлейттенген аймақта Жайық өзені ортаңғы ағысында орналасқан жайылма
ормандары алынды. Зерттеу жұмыстары Жайық өзенінің ортаңғы ағысы тұсында орналасқан
аумақта өзеннің оң және сол жағалауларында 12 бақылау алаңында жүргізілген.
Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде 53 тұқымдасқа, 150 туысқа біріктірілген 256 түр
тіркелді. Флоралық құрамын зерттеу нәтижесінде, 20 түрлі тіршілік формасының кіндік тамырлы,
ұзын тамырсабақты поликарпиктердің басымдығы байқалса, шөптесін монокарпиктердің
ішінде екіжылдық және біржылдық өсімдіктердің басымдығы зерттеу ауданындағы өсімдік
жамылғысына антропогендік фактордың басымдығын айқындайды.
Зерттеу ауданының флоралық құрамында 8 экологиялық фитоценотикалық топ анықталды,
тіркелген 256 түрдің 105-і шалғындық, ол жалпы түрдің 41 % құрайды. Ауа-райының құрғақшылығы, жер асты суларының деңгейінің төмендеуі мезофилдік түрлердің санына әсер етті:
ол 31 түрді көрсетсе, 2009, 2011, 2016 жылдары тіркелмеген. Зерттеу жүргізілген аймақтағы
флоралық құрамының байлығы өсімдіктер жамылғысын 11топқа біріктірді, олардың ішінде
66 түрді құрайтын малға азықтық түрлер бірінші орында орналасса, ол жалпы түрдің 25,7 %
құрайды.
Емдік мақсатта қолданылатын өсімдіктер 16,7%, аралар бал жинайтын 16%, техникалық
мақсатта 11,6%, улы өсімдіктер 7%, бояу алатын және илік өсімдіктер 6%, эфиромайлылар 5%
құрайды.
Қорытындылай келе, Каспий маңы ойпатының ландшафты үнемі жайылма экожүйесін сақтау
мақсатында оны қалпына келтіру және тиімді пайдалану шараларына мониторинг жүргізуді
қажет етеді.
Түйін сөздер: флора, жайылма ормандары, экожүйе.








