Мұғалжар ауданы аймағындағы итальяндық шегіртке (Calliptamus italicus L.) санының маусымдық динамикасы
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJE.2020.v64.i3.09Аңдатпа
Мақалада Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында ауыл шаруашылық дақылдары үшін ең
қауіпті зиянкестердің бірі итальяндық шегіртке (Calliptamus italicus L.) популяцияларының қазіргі
жағдайы сипатталады. Аудандағы итальяндық шегірткенің жергілікті популяциясының жылдық
динамикасы ауыл шаруашылық аумақтарында 2019 жылы көктемгі, көктемгі-жазғы, жазғы, күзгі
жүйелі есеп жүргізу жұмыстарындағы нәтижелері бойынша берілген. Итальяндық шегірткенің
күбіршелерін зерттеу бойынша 2.0 мың га жерде жүргізілген көктемгі мониторингтік тексеру
жұмыстары кезінде Еңбек, Құмжарған, Батпақкөл, Талдысай және Қ. Жұбанов атындағы ауылдық
округтеріндегі мемлекеттік жерлерінде шегіртке күбіршелері 0.33 мың га жерде байқалды. 1
шаршы метрге орташа есеппен тығыздығы 4-4.8 дана. Күбіршенің ішіндегі жұмыртқаларының
саны 26-28 дана. Күбіршелер 37-40% жерді зақымдаған. Аудан бойынша 20.0 мың га жер көлеміне
жүргізілген көктемгі-жазғы мониторингтік тексеру жұмыстарында 0,06 мың га жерде итальяндық
шегіртке дернәсілдерінің таралуы байқалды. 1 шаршы метрге шаққанда дернәсілдерінің
тығыздығы 3-4 дана құрады. Еңбек ауылдық округінің мемлекеттік қор жерінде дернәсілдерінің
пайда болуы анықталса, Құмжарған ауылдық округінің мемлекеттік қор жерінде итальяндық
шегіртке қанаттану кезеңінде байқалды. Шағылысуы мен жұмыртқа салу кезін анықтау бойынша
жүргізілген жазғы мониторингтік тексеру жұмысы барысында 90.0 мың га жерде итальяндық
шегіртке ересектердің ұшып қоныстануы байқалмады. Күзгі мониторингтік тексеру жұмыстары
кезінде Мұғалжар ауданы бойынша итальяндық шегіртке күбіршелері анықталмады. 2019 жылғы
мониторингтік және жүйелі бақылау нәтижесі бойынша Мұғалжар ауданында қазіргі уақытта
итальяндық шегірткелер санының депрессиясы бар екендігі анықталды.
Түйін сөздер: итальяндық шегірткелер, популяция, мониторинг, Мұғалжар ауданы, күбіршек,
динамика.
