Батыс Қазақстан облысының жайылма және байрақты ормандарында өсетін көктеректің (Populus tremula L.) морфологиялық өзгергіштігіне экологиялық факторлардың әсерін бағалау
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJE8722026Аңдатпа
Зерттеу жұмысында Батыс Қазақстан облысының жайылма және байрақты ормандарында өсетін Populus tremula L. морфологиялық және морфометриялық өзгергіштігіне экологиялық факторлардың ықпалы бағаланды. Зерттеу гидрологиялық жағдайлары, топырақ құрамы және антропогендік жүктеме деңгейі бойынша ерекшеленетін көктеректің үш популяциясын салыстыруға негізделді. Зерттеудің мақсаты – табиғи - климаттық және техногендік факторлардың әсерінен осинада пайда болатын адаптивті морфологиялық өзгерістерді анықтау.
Зерттеу әдістеріне ағаштың биіктігін, діңінің диаметрін (DBH), бөрікбасының параметрлерін Suunto PM-5/1250 биіктік және ұзындық өлшегіш көмегімен анықтау кірді. Жапырақ морфологиясы әр модельдік ағаштан жиналған 20 - 30 жапырақ пластинкасын 0,1 мм дәлдікпен штангенциркуль арқылы өлшеу негізінде бағаланды. Зерттелген белгілерге жапырақ тақтасының пішіні, түсі, қалыңдығы, сағағының ұзындығы, жас бұтақтарының құрылымы және сыртқы қабық жағдайы енді. Сонымен қатар 1927 - 2015 жж. жиналған гербарий материалдары талданып, морфологиялық белгілердің ұзақ мерзімді өзгерістері анықталды. Орман шаруашылықтарының таксациялық материалдары екпелердің жасы, жалпы қоры және оның динамикасын анықтау үшін пайдаланылды.
Зерттеу нәтижелері байрақты орман жағдайында өсетін популяцияның P. tremula түріне тән тұрақты морфологиялық белгілерді сақтайтынын көрсетті. Қарашығанақ мұнай-газ конденсат кешені мен «Қарашығанақ - Атырау» құбыры аймағында орналасқан екінші және үшінші популяцияларда жапырақ пішіні мен түсінің өзгеруі, жапырақ тақтасының қалыңдауы, бұтақ деформациясы және патогендік зақымдану белгілері мен морфологиялық өзгерістер байқалды. Алынған нәтижелер Populus tremula L. түрінің аймақтағы орман экожүйелерінің экологиялық жағдайын мониторингілеуде жоғары индикаторлық маңызын дәлелдейді.
Түйін сөздер: Populus tremula L., морфометриялық белгілер, эколого-ценотикалық жағдайлар, өсімдіктердің адаптивті реакциялары, гербарий зерттеулері, таксациялық көрсеткіштер, Батыс Қазақстан орман экожүйелері.








