Anthemis trotzkiana Claus популяцияларының экологиялық-ценотикалық бейімделушіліктерін талдау
Аңдатпа
Мақалада Ақтөбе облысы жағдайындағы сирек түр Anthemis trotzkiana Claus
популяцияларының экологиялық-биологиялық ерекшеліктері анықталған. Зерттеуге алынған үш
популяция төңірегіндегі түрлерге биоморфологиялық талдау жасалып, экологиялық типтерге
жіктелді.
Зерттелген популяцияларда И.Г. Серебряков бойынша түрлердің тіршілік формалары
ағаштар мен бұталарға жатпайтындығы айқындалды. Өсімдіктер жамылғысына көпжылдық
шөптесін өсімдік түрлері 1-популяцияда 55%, 2-популяцияда 63,1% және 3-популяция аумағында
66,6% тән. К. Раункиер жүйесі бойынша 3 популяция қауымдарына да төселіп өскен көпжылдық
гемикриптофиттер басым екендігін көрсетті. Сонымен қатар, ылғалдылығы бойынша түрлердің
барлық популяциялар құрамының 50%-дан астамын мезоксерофиттер құрайды.
Өсімдік түрлері топырағының экологиялық жағдайына бейімделуіне орай, облигатты
және факультативті кальцефиттерді кездестіруге болады. Зерттелген Anthemis trotzkiana Claus
өсімдігінің барлық популяцияларында облигатты кальцефиттердің 8 түрі: Anabasis cretacea Pall.,
Achillea nobilis L., Anthemis trotzkiana Claus, Crambe tataria Sebeok, Linaria cretacea Fisch. ex Spreng.,
Zygophyllum pinnatum, Limonium cretaceum Tscherkasova, Echinops meyeri (DC) Iljin табылды.
Популяциялар бойынша Ақшатау борлы тауында 6 түр (30%), Бестау борлы тізбегі 4 түр (21%)
және Ишқарағантау борлы топырағында 5 түр (23,8%) кездесті. Сонымен қатар, популяциялар
аумақтарында басқа субстраттарда өсе алатын факультативті кальцефиттер анықталды, олар
1-популяцияда 14 түр (70%), 2-популяцияда 15 түр 79% және 3-популяцияда 16 түр (76,2%)
бейімделген.
Түйін сөздер: Anthemis trotzkiana Claus, популяция, өсімдіктердің тіршілік формалары,
экологиялық типтері, кальцефит.








