Қазақстанда ірі қара малдың вирустық диареясының таралу қаупін талдау
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJE.2023.v74.i1.09Аннотация
Ірі қара малдың вирустық диареясы (ІҚМ ВД) - вирус (BVDV) арқылы туындаған жедел жұқпалы ауру. Бұл вирустық ауру ІҚМ ас қорыту жолдарының шырышты қабатының зақымдануымен, диареямен, конъюнктивитпен және ринит сияқты белгілермен сипатталады. Бұл ауру тез таралуымен, қоршаған ортада ұзақ сақталуымен және ауыр клиникалық салдарымен дүние жүзінде мал шаруашылығында аса қауіпті жұқпалы аурулардың бірі болып саналады. Бұл зерттеудің мақсаты 2021 жылдың басында Қазақстан Республикасының әртүрлі аймақтарында қалыптасқан ІҚМ ВД эпизоотологиялық жағдайын бағалау болып табылады. Ол үшін біз 2018-2020 жылдары жиналған ІҚМ қан сарысуының үлгілерінде BVDV антиденелерінің болуына ИФТ әдісімен ретроспективті талдау жүргіздік. Жүргізілген зерттеу нәтижесінде ІҚМ ВД 2021 жылға дейін ҚР-ның едәуір аумағында таралғаны анықталды, бұл ретте BVDV бойынша жалпы серопреваленттілік 67,3% (243/361; 95% CI: 0,37-0,63) құрады. Қан сарысуы алынған малдардың ішінде 51,2% BVDV вакцинасы егілген және 48,8% вакцина егілмеген. Вакцинацияланбаған жануарларда BVDV антиденелерінің орташа серопреваленттігі 36,4% (64/176; 95% CI: 1,2-2,5) болып Ақмола облысының Зеренді, Астрахань, Целиноград және Шортанды аудандарында, сонымен қатар Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар аудандары мен Алматы облысының Ақсу аудандарынан оң үлгілер анықталды. Алынған нәтижелер ҚР аумағындағы ІҚМ ВД бойынша эпизоотологиялық жағдайды анықтауға үлес қосады, бұл инфекцияның еліміздің басқа өңірлеріне одан әрі таралуына жол бермеу үшін инфекция бойынша қауіпті өңірлерде малды жалпы вакцинациялау және қатаң шектеу іс-шараларын енгізу сияқты тиімді бақылау іс-шараларын толық көлемде пайдалануға мүмкіндік береді.
Түйінді сөздер: ірі қара вирустық диареясы, ірі қара мал, иммундық-ферменттік талдау, Pestivirus, Togaviridae