Солтүстік Арал маңындағы тамыржусан қауымдастықтарының (Artemisia terrae-albae Krasch.) табиғи және антропогенді динамикасы
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJE20258439Аннотация
Мақалада Солтүстік Арал маңының зоналды тамыржусан қауымдастықтарындағы жүріп жатқан динамикалық үрдістер қарастырылған. Динамиканың табиғи және антропогенді факторлары анықталды. Генетикалық тұрғыда біртекті аумақ шегіндегі өсімдікжабынының түпкілікті және өзгермелі жағдайын сипаттауға бағытталған негізгі ұғым ретінде Б.А. Быковтың конассоциация ұғымы таңдалды. Жергілікті қауымдастық – итсигек аралас эфемероидты-тамыржусан (Artemisia terrae-albae Krasch., Anabasis aphylla L., Rheum tataricum L.f., Poa bulbosa L., Catabrosella humilis (M.Bieb.) Tzvelev) қауымдастығы. Тамыржусан қауымдастықтарының табиғи динамикасы доминаттар мен субдоминаттардың тіршілік әрекетімен байланысты эндоэкогенетикалық сукцессиялармен және жергілікті топырақ эрозиясы, сонымен қатар, қау микроценоздары (Stipa sareptana A.K.Becker, S. lessingiana Trin. & Rupr.) бар микроойпаңдарда пайда болуымен байланысты экзогенді сукцессиялармен анықталады.
Антропогенді динамика себептері – жайылым және жол дигрессиясы. Шамадан тыс жайылым ретінде пайдалану барысында тамыр жусанның доминантты рөлі бұзылу индикаторы (Anabasis aphylla) итсигекке ауысады. Жол дигрессиясы жергілікті өсімдік қауымдастықтарының бір жылдық сораңды, эфемерлі, техногенді рельефтегі таран (Polygonum aviculare L.) топтары мен проценоздарына ауысуына әкеліп соқтырады. Табиғи-антропогенді сипаттағы өзгерістер барысында тамыржусан қауымдастықтары қоңырбас (Poa bulbosa) қауымдастықтарына ауысады. Қоңырбастың енуіне жағдай жасайтын экологиялық қуыстардың босауы жайылымды шамадан тыс пайдалану, далалық жолдар жүйесінің пайда болуы және табиғи қартаю әсерінен жусанның қурауы нәтижесінде жүзеге асырылады. Анықталған табиғи және антропогенді заңдылықтар өз кезегінде аумақты ресурстық игеру және табиғатты тиімді пайдалану бойынша іс-шараларды даярлаудың негізі болып табылады.
Түйінді сөздер: сукцессия, конассоциация, зоналды өсімдікжабыны, Poa bulbosa, дигрессия, экологиялық қуыс.
