АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ТАЗАРТУ ҚОНДЫРҒЫЛАРЫНЫҢ АҒЫНДЫ СУЛАРЫНДАҒЫ АЛЬГОФЛОРА ҚҰРАМЫН ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ БИОМОНИТОРИНГТЕГІ РӨЛІН ЗЕРТТЕУ
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJE202582106Аннотация
Бұл зерттеу Алматы қаласы тазарту қондырғыларының ағынды суларында тіршілік ететін альгофлора құрамын және олардың биомониторингтегі рөлін зерттеуге бағытталған. Микробалдырлар мен цианобактериялар сияқты альгофлора, тазарту қондырғыларының ағынды суларындағы экожүйелерінде өздігінен тазару, биогеохимиялық циклдарды реттеу және органикалық және бейорганикалық заттардың тепе-теңдігін сақтау сияқты маңызды рөл атқарады. Бұл жұмыста әртүрлі ағынды сулардағы альгофлора құрамы мен динамикасына кешенді талдау жүргізілді: механикалық тазартудан кейінгі тұндырғыш, биологиялық тазартудан кейінгі ағынды су, субөлгіш және Сорбұлақ жинақтаушы көлі. Зерттеу нәтижелері қалалық агломерацияларда су ресурстарын басқару әдістерін әзірлеуге және Алматыдағы тазарту қондырғыларының тиімділігін арттыруға практикалық маңыздылыққа ие. Зерттеудің мақсаты Алматы қаласының тазарту қондырғыларының ағынды суларындағы альгофлора түрлерінің алуан түрлілігін зерттеу және олардың биомониторингтегі рөлін анықтау болды.
Жүргізілген зерттеу Алматы қаласы тазарту қондырғыларының ағынды сулары мен Сорбұлақ жинақтаушы көліндегі альгофлораның биологиялық тазарту процесстерінде және биомониторингтегі негізгі рөлін анықтауға мүмкіндік берді. Микробалдырлар мен цианобактериялар түрлік құрамының динамикасы су экожүйелерінің ластану деңгейімен тікелей байланысты екені анықталды: органикалық заттар жоғары аймақтарда цианобактериялар басым болса, ластану деңгейі азайған сайын жасыл және диатомды балдырлар үлесі арта бастайды. Бактериологиялық көрсеткіштер тазартудың тиімділігін растайды. Бактериялар құрамын зерттеу нәтижесінде, тазарту кезеңдерінен өткен сайын микроорганизмдер санының біртіндеп азаятыны анықталды.
Сапробтық индексті талдау нәтижелері су тазарту процесі барысында органикалық ластану деңгейінің біртіндеп төмендейтіні анықталды. Тұндырғышта жоғары органикалық ластануға тән полисапробтық жағдайлар басым. Соңғы кезеңде (Сорбұлақ) сапробтық индексінің айтарлықтай төмендеуі биологиялық тазарту процестерінің және су экожүйесінің өздігінен қалпына келуінің тиімділігін көрсетеді.
Зерттеу нәтижелері тазарту қондырғыларының ағынды суларында және Сорбұлақ жинақтаушы көлінде альгобиоценоздың дамуына байланысты биологиялық өздігінен тазару процестерінің белсенді жүретінін растайды. Тазартудың соңғы кезеңдерінде альгофлораның белгілі топтарының жаппай дамуы су экожүйесінің биологиялық тепе-теңдігінің тұрақтануын көрсетеді.
Түйін сөздер: альгофлора, микробалдырлар, биомониторинг, ағынды сулар, биоиндикация, сапробтық индикатор-микробалдырлар
