Қазақстанда мекен ететін жабайы құстардың арасында Батыс Ніл безгегін анықтау
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJE.2021.v68.i3.07Аннотация
Жабайы қоныс аударатын құстар Батыс Ніл безгегін эпидемиялық өршуіне үлкен үлес қосады. Батыс Ніл безгегі Таяу Шығыстың, АҚШ және Еуропаның бірқатар елдерінде 90-шы жылдардың аяғында орын алған бірқатар ірі эпидемиялық ошақтардан кейін ерекше өзектілікке ие болды. Бұл оқиғалар орталық жүйке жүйесінің зақымдануы (менингит және энцефалит түрінде) жағдайларының жоғары үлесімен сипатталды және өлім деңгейі 10% жетті. Батыс Ніл безгегі – Flaviviridae тұқымдасына, Flavivirus түріне жатады және Альфай, Катсипакоре, Котанго, Усуту, Жапон энцефалиті, Сент-Луис энцефалиті және Мюррей алқабына жататын жапон энцефалитінің антигендік кешенінің бөлігі болып табылады. Адам үшін патогенді микроорганизмдердің жіктелуіне сәйкес Батыс Ніл безгегі патогенділіктің II тобына жатады.
Осыған байланысты, Қазақстан Республикасының аумағында жабайы құстар арасында Батыс Ніл вирусына мониторинг жүргізілуде. Жұмыста Алматы облысының Сорбұлақ көлінің, Солтүстік Қазақстан облысының шағын көлдерінің, Жамбыл облысының «Шақпақ» орнитологиялық станциясының жабайы құстарынан клоакалды жуынды 230 үлгісі қолданылды. Батыс Ніл вирусы Hirundinidae және Sylviidae тұқымдас жабайы құстардың екі үлгісінде, сәйкесінше Жамбыл облысының Шақпақ орнитологиялық станциясының жанында тұратын ауыл қарлығашы (Hirundo rustica) және саяшыл сарықас (Phylloscopus collybitus) құстарынан табылды. Осы аталған (Hirundo rustica және Phylloscopus collybitus) құстардан алынған биологиялық үлгілер зерттеу барысында Батыс Ніл вирусына оң КТ-ПТР реакция көрсетті.
Түйін сөздер: Батыс Ніл безгегі, арбовирус, жабайы құстар, ПТР, РНҚ.