ЕДІЛ-ЖАЙЫҚ ПОПУЛЯЦИЯСЫ КИІКТЕРІНІҢ ҚАЗІРГІ КЕЗДЕГІ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ЖАҒДАЙЫ ЖӘНЕ ПОПУЛЯЦИЯНЫҢ ТҰРАҚТЫ ДАМУЫНЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJE.2024.v80.i3-06Аннотация
Бұл мақала Қазақстандағы Еділ-Жайық популяциясы киіктерінің қазіргі таңдағы жағдайы мен динамикасы туралы жан-жақты мәліметтер ұсынатын осы популяцияның күрделі экологиясына арналған. Киіктердің төлдеу орындары, жазғы жайлауы, қысқы қыстаулары сияқты маңызды орындарына жүргізілген ауқымды далалық экспедициялар барысында олардың тіршілік ету жағдайлары мен экологиясы, басқа да жануарлармен байланыстары зерттелді. Популяция санының өте күшті артып отырған жағдайында киіктер мен ауыл шаруашылығы өндірушілерінің арасында туындап отырған мүдделер қақтығысы да қарастырылды және ол қақтығыстарды шешуге оң әсер етеді деген шаралар ұсынылды. Сонымен қатар киіктердің қазіргі агроландшафттарға кірігуінің бағыттары мен әлеуеттері анықталды.
Киіктердің Еділ-Жайық популяциясы қазіргі таңда саны бойынша дүние жүзіндегі ең үлкен популяция болып отыр. Сондай ақ Қазақстан мен Ресей Федерациясының арасындағы шекаралық аймақтағы трансшекаралық популяция жағдайы да киіктердің бұл популяциясының өзіндік ерекшелігін айқындайды. Киіктердің соңғы жылдары әсіресе көктемде төлдейтін орындар іздеп Батыс Қазақстан облысының батысы мен солтүстік батысында екі елдің шекарасынан өту жағдайлары жиіледі.
Киік санының бірнеше жылдың ішінде қауіпті деңгейден рекордтық жағдайға дейінгі ауытқуы популяцияны қалай ұзақ уақыт тұрақты дамытуға болады деген сұрақты туындатып отыр. Авторлардың зерттеулері осы сұрақтарға жауап іздеуге бағытталған. Авторлардың ұстанымы саны шектен тыс артып отырған киік популяцияларын тиімді реттеу қажеттілігінен туындаған олардың бір бөлігін аулап өнімдерін пайдаға асыру қажет деген басқа да зерттеушілердің пікірлерімен сәйкес келеді.
Бұл мақала табиғатты қорғауға, оның ішінде киіктерді қорғауға мүдделі тараптар және аймақта ауыл шаруашылығын дамыту бағытындағы мүдделі тараптар үшін де өте құнды ресурс болып табылады. Жұмыс Жайық өзенінің оң жақ жағалауы экожүйесінің күрделі байланыстарын терең түсінуге жағдай жасай отырып осы аймақтың биоалуантүрлілігінің маңызды элементі болып табылатын киіктерді сақтау үшін табиғи ресурстарды тұрақты пайдаланудың қажеттілігін көрсетеді.
Кілт сөздер: киік, популяция, эпизоотия, миграция, тіршілік ету ареалы, жыртқыштар