Риддер мырыш зауытының шығарылымдарының әсер ету аумағында өсетін өсімдіктердегі ауыр металдардың мөлшері
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJE.2019.v58.i1.06Аңдатпа
Түрлі-түсті металлургия өнеркәсіптік кәсіпорындарының шығарылымдары ауданында
өсетін ластанған өсімдіктерді зерттеу өзекті мәселе болып табылады, себебі «топырақ-өсімдіксу» қоректік тізбегі бойынша ауыр металдар адам ағзасына түседі де ауыр салдарға әкеліп
соқтыратын аурулар туғызады. Зерттеудің мақсаты мырыш зауытының шығарылымдарының
компоненттерімен топырақ пен өсімдіктің ластануын анықтау және бағалау болып табылады.
ШҚО Риддер қаласындағы мырыш зауытының шығарылымдарының әсер ету аймағындағы
ластаушылар көздері, ластаушылардың таралу ареалы, мырыш зауытының айналасындағы
аумақтардағы топырақ және өсімдік жамылғысының жағдайы анықталды. Зерттеулер топырақ
және өсімдік жамылғысына жағымсыз әсерлерді көрсетті. Топырақтың беткі қабатының елеулі
ауданы өсімдігінен айрылған. Талдау деректері топырақтағы ауыр металдардың жалпы және
жылжымалы формаларының мөлшерін анықтауға жағдай жасады. Приоритетті ластаушы
элементтер мырыш, қорғасын, мыс және кадмий болып табылады. Топырақтағы ауыр металдардың
жалпы және жылжымалы формаларының концентрациясы шектеулі жол берілген мөлшерден
асып кетеді. Ағаш-бұталы өсімдіктердің өсімді мүшелеріндегі ауыр металдардың жинақталуы
мен жайғасуы әр түрлі. Зауыттың шығарылымдарының өсімдік жамылғысына жағымсыз
әсерлері өсімдіктің әр жерде бірлі-жарымды өсуімен, тал өсімдіктерінің жеке дараларының
сақталып қалуымен және өсімдіктердің құрғап қалуымен, елеулі ауданда өсімдік жамылғысының
болмауынан көрінеді. Өсімдіктің басым бөлігі нашар жағдайда. Уытты шығарылымдардың
әсерінен өсімдік жапырақтары күйіп қалған, дақылдардың негізгі өркендері мен бұтақтары кеуіп
кеткен, өсімді және көбейіп дамуы баяулаған.
Түйін сөздер: ластану, эрозия үрдістері, ауыр металдар, аккумуляция, миграция
