Lamiaceae тұқымдастығының Mentha piperíta L. және Thymus vulgaris L. дәрілік өсімдіктерінің спиртті тұнбаларының антимутагенді белсенділігін зерттеу
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJE.2022.v70.i1.03Аннотация
Қоршаған ортаның экологиялық қауіпті факторлармен ғаламдық деңгейде ластануы улы
және гентикалық әсерлерді түзеу үшін шығу тегі табиғи болып табылатын тиімді протекторларды
іздеуді өзекті етеді. Мұндай қорғаныс құралдарының перспективті көздерінің бірі дәрілік
өсімдіктердің құрамындағы биологиялық белсенді заттардың кешені болып табылады. Арпа
дәндерінде хромосомалық аберрацияларды есепке алу (метафазды әдіс) тестінің көмегімен
Lamiaceae тұқымдастығына жататын 2 өсімдік кермек жалбыз (Mentha piperita L.) және
қарапайым жебірдің (Thymus vulgaris L.) спиртті тұнбаларының мутагендік және антимутагендік
белсенділігі зерттелді. Жүргізілген цитогенетикалық зерттеулер нәтижесінде тұнбалардың
метилметансульфонатпен (ММС) индукцияланған мутагенез деңгейін оның төмендеу жағына
өзгерту қабілеті анықталды. Арпа дәндерін әртүрлі концентрациядағы спиртті өсімдік
тұнбаларының ерітінділерімен және ММС (оң бақылау) классикалық мутагенімен бірлесіп тура
және кері өңдеу кезінде ММС-индукцияланған мутагенез деңгейінің статистикалық маңызды
төмендеуі байқалды (p<0,05). Мутация процесін тежеу деңгейі тұнба мен мутагеннің әсер ету
ретіне, сонымен қатар тұнба концентрациясына байланысты болды. Онымен қоса, жұмыста қоршаған ортаның қауіпті ластаушысы, мутагендік және генотоксикалық белсенділігі бар
зымыран отынының негізгі компоненті – асимметриялық диметилгидразинге (НДМГ, 1,1-ДМГ,
гептил), жалбыз және жебірдің тұнбаларының модификациялық әсерлері зерттелді. ММС-пен
жүргізілген тәжірибелердегідей, тест-объектіні НДМГ мен қоса жалбыз және жебірдің спирттік
тұнбаларымен кезекпен өңдеу кезінде, асимметриялық диметилгидразинмен индукцияланған
аберранттық жасушалар жиілігінің және хромосомалық аберрациялар санының 100 метафазаға
шаққандағы (p<0,05) статистикалық маңызды төмендеуі байқалды. Тежеу деңгейі зерттелетін
агенттердің әсер ету ретіне және өсімдік тұнбаларының концентрациясына байланысты болды.
Тұнбалардың антимутагендік әсерінің тиімділігі эксперименттің барлық нұсқаларында негізінен
40%-дан жоғары болған редукциялық фактормен (РФ) бағаланды. Бұл нәтижелер Mentha piperita
L. және Thymus vulgaris L. тұнбаларының ММС және НДМГ индукцияланған мутагенезді 40%-дан
астам ингибирлеу қабілетін көрсетеді. Жүргізілген зерттеулер кермек жалбыз бен қарапайым
жебірдің тұнбаларында, осы өсімдік түрлерінде әртүрлі сипаттағы биологиялық белсенді
заттардың болуымен шартталатын, антимутагенді потенциалдың бар екенін көрсетеді.
Түйін сөздер: дәрілік өсімдіктер, биологиялық белсенді заттар, индукцияланған мутагенез,
антимудагенді белсенділік, хромосомалық аберрациялар.