Су қоймаларының түптік шөгінділерін кәдеге жарату
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJE.2022.v73.i4.03Аннотация
Біз жұмысымызда құрамында органикалық - минералды заттарға бай жергілікті су қоймаларының түптік шөгінділерін ауыл шаруашылығының мұқтажына жарату үшін бірқатар ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Мақалада соңғы 10 жыл бойынша ақаба сулардың жалпы көлемі мен тазартылмаған сарқынды сулардың үлесі мәлімет ретінде берілген. Жергілікті аумақтағы су қоймаларының жағдайына талдау жүргізу арқылы түптік шөгінділерді өңдеудің вермитехнологияға негізделген әдісі жасалды. Жұмыстың зерттеу нысаны ретінде Түркістан облысына қарасты Қошқорған, Ермакөзен, Шерт су қоймаларының түптік шөгінділері пайдаланылды. Су түптік шөгінділер негізінде алынған вермикомпостты тыңайтқыш және оның негізіндегі гумин қышқылдарын өсімдіктерге арналған биостимулятор ретінде қолдану жолдары қарастырылды. Түптік шөгінділерге ауыр металдарды (Pb, Zn) анықтау бойынша Ta-Lab аппаратымен инверсионды вольтамперометрлік зертханалық талдау жүргізілді. Вермитехнологиямен өңделгеннен кейін су қойма түптік шөгінділерінің сынамаларында ауыр металл мөлшерлері бастапқы көрсеткішен салыстырғанда, Қошқорған сынамасында Zn 11 мг/кг, Pb 0,92 мг/кг; ал Ермакөзен сынамасында Zn 4,1 мг/кг, Pb 5,1 мг/кг; Шерт сынамасында Zn 21,9 мг/кг, Pb 0,6 мг/кг біршама азайғандығын көрсетті. Вермикомпосттан гумин қышқылдарын экстракциялауға Орлов әдісі қолданылды. Вермикомпостаудан кейін алынған биогумустың құрамындағы органикалық зат пен гумин қышқылдарының мөлшерін келесі ретпен Қошқорған > Шерт > Ермакөзен салыстырып көрсетуге болады. Зерттеу нәтижелері бойынша алынған зертханалық көрсеткіштер нормативтік талаптар мен әдістемелер негізінде анықталды.
Кілт сөздер: су қойма, ақаба су, түптік шөгінді, калифорниялық қызыл құрттар, вермитехнология, вермикомпост, ауыл шаруашылығы, топырақ.