Қазақстан Республикасының Aлматы облысының аумағында орналасқан Көлсай көлі суының токсикалық және генотоксикалық белсенділігін зерттеу
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJE.2022.v73.i4.08Аннотация
Табиғи ортаның жай-күйін бағалаудың маңызды кезеңі ондағы токсикалық, генотоксикалық және мутагендік белсенділікке ие әртүрлі экологиялық қауіпті факторларды анықтау болып табылады. Қоршаған ортада жаңа компоненттердің пайда болуы және улы және генотоксикалық қасиеттері бар физика-химиялық компоненттердің концентрациясының жоғарылауы әртүрлі экожүйелердің биотасына қоршаған ортаның мутациялық қысымының жоғарылауына ықпал етеді. Соңғы он жылдықтарда экономикалық белсенділіктің күшеюіне және туризм секторының дамуына байланысты антропогендік жүктеме тек жер үсті, атап айтқанда таулы эко жүйелерде ғана емес, сонымен қатар табиғи жер үсті суларында да айтарлықтай өсті. Осыған байланысты бұл зерттеудің мақсаты – Қазақстан Республикасы Алматы облысы Кеген ауданындағы «Көлсай көлдері» ұлттық саябағының аумағында орналасқан Төменгі Көлсай тұщы көлі суының генотоксикалық, мутагендік және токсикалық белсенділігін зерттеу. Алғаш рет Mus musculus модельдік объектісінде бірқатар сынақ жүйелерін (ДНҚ кометасы әдісі, хромосомалық аберрацияларды есепке алу бойынша цитогенетикалық тест және липидтердің асқын тотығу өнімдерінің биохимиялық талдауы) пайдалана отырып, 2018 және 2022 жылдары (көктем-жаз кезеңі) іріктелген су үлгілері зерттелді. 2018 және 2022 жылдардағы су үлгілері тәжірибелік тышқандардың сүйек кемігімен көк бауыр жасушаларында ДНҚ бұзылыстарын индукциялағаны анықталды, оның деңгейі интактты жануарлардағы аналогиялық көрсеткіштерден статистикалық тұрғыдан айтарлықтай жоғары болды (p<0,001). Көл суын қабылдаған тышқандардың сүйек кемігін цитогенетикалық талдауда аберрантты жасушалардың жиілігінің және 100 метафазаға шаққанда құрылымдық хромосомалардың бұзылыстарының статистикалық маңызды жоғарылауын көрсетті (p<0,05). Тәжірибелік жануарлардың бауырындағы липидтердің асқын тотығу өнімдерін биохимиялық зерттеуі де липидті гидропероксид (ГПЛ) және малондиальдегид (МДА) деңгейінің статистикалық маңызды (p<0,05) жоғарылауын анықтады. Зерттеу барысында алынған нәтижелер зерттелгеен табиғи жер үсті суларында генотоксикалық, мутагендік және токсикалық белсенділігі бар химиялық заттардың бар екендігін көрсетеді.
Түйін сөздер: жер үсті табиғи сулары, генотоксикалық, органоспецификалық, хромосомалық аберрациялар, ДНҚ комета әдісі.