ҚАЗАҚСТАННЫҢ ОҢТҮСТІК-ШЫҒЫСЫ ЖАҒДАЙЫНДА БАҚША ДАҚЫЛДАРЫ ЗИЯНДЫ НЫСАНДАРЫНА ҚАРСЫ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ҚАУІПСІЗ ПЕСТИЦИДТЕР, БИОЛОГИЯЛЫҚ ПРЕПАРАТТАР МЕН ТӨЗІМДІ СҰРЫПТАРДЫ ІРІКТЕУ ЖӘНЕ СЫНАУ
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJE.2022.v70.i1.06Аннотация
Қазақстан Республикасында бақша дақылдарының өндірісі негізінен дәстүрлі әдістерді, яғни,
химиялық тыңайтқыштар мен пестицидтерді қолдану арқылы жүзеге асырылады. Ал экологиялық
таза бақша өндірісі дамудың алғашқы сатысында тұр. Органикалық бақша өндірісі мүлдем жоқ.
Еліміздегі ауыл шаруашылығы дақылдары ішінде бақша өнімдерінің аса жоғары экспорттық
потенциалын ескерсек (жалпы ішкі нарықтың бақша өнімімен қамтамасыз етілу деңгейі 472%-
ды құрайды), бақша өндірісін органикалық бағытқа бұрудың экономикалық және әлеуметтік
маңыздылығы артады. Келешекте Қазақстан елі әлемдік қауымдастыққа экологиялық таза бақша
өнімдерінің өндірушісі және тасымалдаушысы ретінде танылып, табиғи бақша өнімдері тәуелсіз
еліміздің брендіне айналуы әбден мүмкін. Бұл үшін бақша шаруашылығы саласында түбегейлі
өзгерістер енгізу қажет.
Жалпы ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісін органикалық бағытқа бұру, тұтынылатын
өнім сапасының тұрғылықты халық үшін барынша қауіпсіз және пайдалы болуына ықпал етеді.
Осы орайда, соңғы жылдары адам ағзасы имунитетінің түрлі аурулар, соның ішінде пандемия
салдарынан күрт төмендеуін ескеру қажет.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығында зиянды нысандарға қарсы қолданылатын
пестицидтердің тек шектеулі мөлшері тікелей бағыт бойынша әсер етіп, ал улы қалдықтарының
басым бөлігі қоршаған ортаға таралып жатыр. Улағыш препараттарды ғылыми негізсіз
пайдалану, флора мен фаунаға кері әсерін тигізіп, қолданылған егіс танаптары топырақтары мен
су жүйелерінде көптеген уақыт бойы жинақталып, қоршаған ортаға үлкен зиян келтіруде.
Жоғарыда айтылған мәселелерді ескере отырып, біздің ғылыми-зерттеулеріміз бақша
дақылдарының (қарбыз, қауын) зиянды нысандарына қарсы биологиялық және шаруашылық
тиімділігі жоғары, қолдану мөлшерлері мен бүрку қайталанымдары төмен пестицидтері
мен биологиялық препараттарды анықтауға және саңырауқұлақ ауруларына қарсы төзімді
сұрыптарды іріктеуге бағытталды.
Зерттеу жұмыстары «Қазақ жеміс және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты»
«Қайнар» өңірлік филиалы экспериментальді танаптарында 2020-2021 жж. аралығында жүргізілді.
Зерттеулерде бақша шауарылығында қабылданған жалпы классикалық әдістемелер қолданылды.
Алынған нәтижелер жаңа және өте өзекті болып табылады және келешекте дәстүрлі бақша
өндірісін биологиялық бағытқа бұруға ықпал етеді.
Түйін сөздер: бақша дақылдары, пестицидтер, биологиялық препараттар, зиянкестер,
саңырауқұлақ аурулары, толерантты сұрыпүлгілері.